CaspianLife, 29 қыркүйек. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында бір түнде 126 қой қырылып қалды. Бір табында болған мал шамамен он шаруа қожалығына тиесілі. Алдын ала мәлімет бойынша, қойлар даладағы суаттан су ішкен. Малдың қырылуының нақты себебі зертханалық сараптамадан кейін анықталады.
Малдың қырылғаны туралы хабар 28 қыркүйекте аудандық ветеринариялық станцияға түскен. Мамандар дереу оқиға орнына барып, қырылған малдардың өлекселері мен су көздерінен сынама алған.
Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Нұралы Садықұловтың айтуынша, тағы 84 мал аман қалған. Қазір олар ветеринар мамандардың бақылауында.
«Оқиға орнына барып, жағдайды бағаладық. Жұқпалы ауруларға күдік жоқ: малдар жайылымға шығып, өздігінен су ішіп, жайылып жүр. Бақылау жұмыстары жалғасады. Жалпы аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты», – деді Нұралы Садықұлов.
Ауыл әкімдігінің қолдауымен қырылған малдардың өлекселері арнайы биотермиялық шұңқырға жеткізіліп, залалсыздандырылды. Мал қоралары толықтай дезинфекцияланды. Аман қалған қойлар ветеринар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

