CaspianLife, 29 қыркүйек. Маңғыстау облысында 2026 жылдың екінші тоқсанында тұрғындардың 7 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болған. Көршілес Атырау облысында бұл көрсеткіш 3,2 пайызды құрады. Мұндай мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы халық табысының саралануына арналған жарияланымында келтірді.
Маңғыстау аз қамтылған халықтың үлесі ең жоғары өңірлердің қатарында. Бұл көрсеткіш Түркістан облысында (8,4%), Абай облысында (7,6%) және Жетісу облысында (7,2%) жоғары.
Маңғыстауда табысы күнкөріс минимумынан төмен тұрғындар саны 57 580 адамды құрады. Осы көрсеткіш бойынша облыс алғашқы бестікке енді. Аз қамтылған тұрғындар саны ең көп өңір — Түркістан облысы (180 948 адам). Одан кейін Алматы облысы (72 455), Шымкент қаласы (69 900) және Жамбыл облысы (65 818) орналасқан.
Ал Атырау облысы, керісінше, көрсеткіші ең төмен өңірлердің қатарына кірді. Мұнда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындардың үлесі 3,2 пайыз болды. Бұл көрсеткіш Астана қаласында (2,9%) және Қарағанды облысында (3%) ғана төмен. Шығыс Қазақстан облысында аталған көрсеткіш 3,8 пайызды құрады.
Жалпы ел бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 1,034 млн адам бар. Бұл — халықтың 5 пайызы. Олар 172 518 үй шаруашылығында тұрады. Ауылдық жерлерде мұндай тұрғындар қалаға қарағанда көбірек: 544 592 адамға қарсы 489 408 адам.
Бюроның мәліметінше, Қазақстандағы кедейлік көбіне отбасы мүшелерінің көп болуымен байланысты. Аз қамтылған тұрғындардың шамамен 88 пайызы, яғни 908 788 адам, бес және одан да көп адам тұратын үй шаруашылықтарында өмір сүрген.
Бұл ретте статистиктер отбасыларды балалар санына қарай емес, бірге тұратын адамдардың жалпы санына қарай топтастырған. Сондықтан бұл көрсеткіш міндетті түрде көпбалалы отбасыларды білдірмейді.
Сонымен қатар табысы азық-түлік себетінің құнын да өтей алмайтын тұрғындар тобы жеке қарастырылған. Олардың саны — 34 506 адам немесе халықтың 0,2 пайызы.
Мұндай тұрғындар саны ең көп өңірлердің қатарында Атырау мен Маңғыстау облыстары жоқ. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр — 6846 адам. Одан кейін Алматы қаласы (6426), Қарағанды (4856) және Қостанай (4587) облыстары орналасқан.
Дереккөз: Forbes.kz

