CaspianLife, 28 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерге түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды. Бұл шешім Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданды. 24 қыркүйекте болған оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, тағы үшеуі аман қалған. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысын өткізіп, жиын қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Тоқаевтың айтуынша, қайғылы жағдайға офицерлік құрамның, оның ішінде генералдардың да салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болған.
«Бейбіт уақытта сарбаздардың өмірін қиған бұл қайғылы жағдайға, ең алдымен, офицерлердің, оның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби жарамсыздығы себеп болды. Мен оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттердің қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қаншалықты сәйкес келгенін анықтауды талап еттім және талап етемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оқу-жаттығудың өзін өткізудің орындылығына күмән келтіріп, оны кім әзірлеп, кім бекіткенін анықтауды тапсырды.
«Әскердегі бұрыннан келе жатқан мәселелер жыл сайын басшылық тарапынан шешілмей келеді. Бұл елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Бұрынғы қайғылы оқиғалардан ешқандай сабақ алынбаған. Бұл оқу-жаттығуды кім әзірлеп, кім бекітті? Бас штаб тарапынан қандай рөл атқарылды және үйлестіру қалай жүргізілді? Неліктен оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қатыспады? Жауапсыздық, салғырттық пен көзбояушылық қалыпты жағдайға айналған. Жүйелі жұмыс жоқ, дағдарыстық жағдайларға ден қою жоспарлары сын көтермейді. Мұның бәрі әскери ведомство басшылығының жауапсыздығының салдары», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Тексеру барысында әскери қызметшілердің қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені анықталған. Жас сарбаздардың қаза болуына кінәлілер жазасын алады.
«Оқу-жаттығуға қатысушылар қажетті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген. Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды дайындауға және өткізуге, әскерді жабдықтауға және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық және моральдық баға беруі тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру басталды. Әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жарақтандыру, сондай-ақ қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері зерделенуде.
Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
«Кезең-кезеңімен жүргізілетін реформаның нақты әрі түсінікті жоспарын әзірлеу маңызды. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе формалды жол картасына айналдырудың қажеті жоқ. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады», — деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңартылған армия заманауи қауіп-қатерлерге бейімделуі керек. Әскерді цифрландыру, адам факторын барынша технологиялармен алмастыру және кадрларды іріктеудің ашық критерийлерін енгізу міндеттері қойылды.
Ендігі басты міндет — кемшіліктерді анықтаумен ғана шектелмей, әскери басқару жүйесін, жауынгерлік даярлықты және қауіпсіздік стандарттарын түбегейлі өзгерту.
Әселім ҚАЛҚЕН, Астана

