CaspianLife, 25 қыркүйек. Атырау прокуратурасы құны шамамен 5 млрд теңгені құрайтын «Sapa Stone» ЖШС кірпіш зауытының құрылысына кедергі болған жер мәселесін шешті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылыстың кешеуілдеуіне ауданы 40 гектар жер учаскесіне қатысты дау себеп болған. Осыған байланысты сот талқылауы жыл басынан бері жалғасқан.
Прокуратураның араласуынан кейін анықталған заң бұзушылықтар жойылып, соттың түпкілікті шешімі инвесторға жобаны іске асыру жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта «Sapa Stone» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Зауыт құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Жаңа өндіріс өңірдегі құрылыс материалдарының көлемін арттырып, 65-тен астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл Атыраудың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етпек.
Прокуратура инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, жою және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.


