CaspianLife, 23 қыркүйек. Атырау облысында психикалық денсаулығына байланысты есепке алынған тұрғындар саны айтарлықтай өскен. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көрсеткіш 25,2 пайызға артқан. Осындай динамика жалпы ел бойынша да байқалады.
EnergyProm порталының хабарлауынша, 2021 жылы психикалық бұзылыстарға байланысты есепте 8,5 мың адам тұрса, өткен жылға қарай олардың саны екі есеге жуық өсіп, 15,5 мың адамға жеткен. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында әр 100 адамға шаққанда психикалық бұзылыс бойынша есепке қойылған 74 жағдайдан келген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында алғаш рет анықталған диагноздар саны едәуір артқан.
Мамандар бұл динамиканы жағдайдың нашарлауымен ғана емес, диагностика мен медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруымен, сондай-ақ халықтың психикалық денсаулық мәселелері туралы хабардарлығының артуымен байланыстырады.
Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Дамир Қожантаев бақылаудағы пациенттер арасында қандай диагноздар жиі кездесетінін айтты:
«Динамикалық бақылауда тұрған пациенттер арасында көбіне интеллектуалдық даму бұзылыстары, шизофрения, психологиялық даму бұзылыстары, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ), сондай-ақ органикалық психикалық бұзылыстар кездеседі. Соңғы уақытта балалар арасында психологиялық даму тежелуі мен АСБ ерте кезеңде жиі анықтала бастады. Бұған ерте диагностиканың жақсаруы, ата-аналардың хабардар болуының артуы және олардың медициналық көмекке дер кезінде жүгінуі тікелей әсер етеді».
Қазіргі уақытта облыста 6 856 адам мамандардың бақылауында тұр. Олардың шамамен 100-і психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатыр.
Бибігүл ТАҢАТАР


