CaspianLife, 21 қыркүйек. Қазақстанда 5,76 млн теңгенің бензин партиясын сатуға тыйым салынды — отын октан саны мен күкірт мөлшері бойынша талаптарға сәйкес келмеген. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап LS хабарлайды.
2026 жылдың ішінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттері автожанармай құю станцияларында 55 тексеру шарасын өткізді — олардың қатарында жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алулар бар. Мамандар бензиннің 22 үлгісін іріктеп алды, оның үшеуі тексеруден өте алмады.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында АИ-95-К4 маркалы бензиннің октан саны 92-ні көрсетіп, белгіленген нормадан төмен болды. Жетісу облысында АИ-92-К4 үлгісіндегі күкірт мөлшері 105 мг/кг-ды құрады, ал шекті рұқсат етілген көрсеткіш — 50 мг/кг. Алматыда АИ-100-К5-Евро бензині бірден екі параметр бойынша сәйкес келмеді: нақты октан саны норматив бойынша кемінде 100 болуы тиіс жерде 99-ды көрсетсе, күкірттің массалық үлесі рұқсат етілген 10 мг/кг-ның орнына 33 мг/кг болған.
Тексеру нәтижелері бойынша ведомство жедел әрекет ету шараларын қабылдады. Жетісуда әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушыға 195 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды — бұл қолданыстағы 4325 теңгелік АЕК мөлшері бойынша 843,4 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, аумақтық департаменттер жалпы құны 5,76 млн теңге болатын бензин партияларын сатуға тыйым салу туралы қаулы шығарды.
Департаменттердің қарауында отын сапасына қатысты тағы 12 өтініш бар: тоғызы — Астанада, екеуі — Солтүстік Қазақстан облысында және біреуі — Павлодар облысында.
Мұндай бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-1-бабы бірінші рет жасалған жағдайда 90-нан 600 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырады — сома бұзушының мәртебесіне байланысты және 2026 жылы 389,2 мыңнан 2,6 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Айыппұлдан бөлек, аккредиттеу аттестатының, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор мәртебесінің және өлшем құралдарының тексерушісі сертификатының қолданылуы жарты жылға тоқтатылады. Егер бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 150–1000 АЕК-ке дейін өсіп (648,7 мың – 4,3 млн теңге), аталған құжаттардың күші жойылады.
Бұған дейін депутаттардың бірі отын сапасына сандық (цифрлық) бақылау енгізуді ұсынған болатын. Сауда және интеграция министрлігі бензинді мұнай өңдеу зауыттарынан бастап жанармай құю станцияларына дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі бойынша тексереді, азаматтардың өтініштерін қарастырады және өндірісте де, елдің түрлі өңірлеріндегі 17 АЖҚС-да да отынды тексеріп үлгерді.

