CaspianLife, 18 қыркүйек. Елімізде азамат ауруханаға түскен жағдайда оның жақындарына хабар беретін жаңа қызмет іске қосылды. Енді әр адам eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы алдын ала үшке дейін сенімді байланыс тұлғасын таңдай алады. Егер пациенттің өзі туыстарына хабарласуға мүмкіндігі болмаса, оның ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат тіркелген адамдарға жіберіледі.
Қызметті eGov.kz порталында қосу үшін «Ауруханаға түскен жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» бөлімін таңдау қажет. Одан кейін хабарлама алатын адамның ЖСН-ын енгізу керек. Сенімді байланыс ретінде 18 жасқа толған және деректері Мобильді азаматтар базасында тіркелген адамды ғана көрсетуге болады.
Қызмет eGov Mobile қосымшасында да қолжетімді. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «Денсаулық сақтау» санатын таңдау керек. Қызметті қосу және пайдалану тегін.

