Caspianlife, 14 қыркүйек. Жаңартылған eGov Mobile қосымшасында қазақстандықтарға үйден шықпай-ақ, полиция бөліміне бармай, оқиға туралы хабарлау мүмкіндігі пайда болды. Жаңа сервис қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық қорғау қызметіне қатысты бірнеше цифрлық құралды біріктіретін арнайы бөлімде қолжетімді.
«Заң және тәртіп» деп аталатын бөлімдегі «102» сервисі арқылы пайдаланушылар оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы және полицияның араласуын қажет ететін басқа да жағдайлар туралы хабарлама жібере алады.
Сондай-ақ осы бөлімде Nomad Guard сервисі жұмыс істейді. Оның көмегімен жеке деректердің таралып кеткен-кетпегенін тексеруге болады. Ал Naqty Onim құралы тауардың таңбалануы туралы ақпарат береді.
Бұдан бөлек, азаматтар өз атына рұқсатсыз несие рәсімделуінен қорғану үшін жаңа қарыздар мен микрокредиттерді рәсімдеуден бас тарту функциясын пайдалана алады.
Қосымшада құқық қорғау саласындағы сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер де қолжетімді. Олардың қатарында соттылығының бар-жоғы туралы анықтама алу, шетелге шығуға тыйым салынғанын тексеру, адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәлімет алу, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу мүмкіндігі бар.
«Заң және тәртіп» бөлімінде Бас прокуратураның сервистері мен материалдарына арналған жеке блок та қарастырылған. Онда хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу, құқық бұзушылық туралы арыздың тіркелгенін тексеру және құқықтық статистикаға қатысты материалдар ұсынылған.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, сервис 2025 жылдың маусымында іске қосылғалы бері оны шамамен 1,4 миллион рет пайдаланған.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекмановтың айтуынша, компания командасы цифрлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді үнемі жетілдіріп, оларды азаматтар үшін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету бағытында жұмыс істеп келеді.
Айта кетейік, бұған дейін eGov порталында шұғыл ауруханаға жатқызу туралы хабарлама жіберетін сервис те іске қосылған.

