Caspianlife, 11 қыркүйек. Қазақстан Каспий теңізінің түбімен мұнай құбырын салу мәселесін пысықтауда. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап LS хабарлайды.
Ведомствоның түсіндіруінше, Астана транскаспийлік инфрақұрылымды дамытуды ең алдымен экспорттық бағыттарды әртараптандыру және сыртқы нарықтарға мұнай жеткізу сенімділігін арттыру тұрғысынан қарастырады. Талқыланып жатқан нұсқалардың бірі — құбырды тікелей теңіз түбімен тарту.
«Қазіргі уақытта жоба тұжырымдамалық пысықтау және сарапшылық консультациялар сатысында тұр. Барлық шешімдер экономикалық тиімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық-құқықтық міндеттемелер ескеріле отырып қабылданатын болады», — деп хабарлады министрлік.
Оны іске асырудың нақты мерзімдері, министрлік өкілдерінің айтуынша, техникалық-экономикалық және экологиялық зерттеулердің қорытындыларына, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың бұл бастамаға қаншалықты белсенді қосылатынына байланысты болмақ.
Энергетика министрлігі Қазақстанның қолданыстағы уағдаластықтар мен консенсус қағидаты негізінде каспий маңы мемлекеттерімен сындарлы диалог жүргізуге бейілділігін жеке атап өтті. «Жалпы алғанда, транскаспийлік бағытты дамыту Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыру саясатының перспективалы элементтерінің бірі ретінде қарастырылады», — деп түйіндеді ведомство.
LS осыған ұқсас пікірді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан да алды: онда суасты мұнай құбырын салу мәселесін қазір барлық мүдделі тараптар зерттеп жатқанын растады, ал Транскаспий халықаралық көлік бағдарын қазақстандық мұнай экспортын әртараптандырудың перспективалы бағыттарының бірі деп атайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін баламалы бағдардың болмауына байланысты Қазақстан 3,5 млн тонна мұнайынан қағылғаны айтылған болатын.
Дереккөз: LS

