Caspianlife, 11 қыркүйек. Құрылтай депутаттары бірінші пленарлық отырыста 31 тарау мен 310 тармақтан тұратын жаңа регламент жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, Құрылтайдың кезекті сессиясы енді жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен бастап маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өтетін болады. Депутаттарға өңірлерге шығу үшін бір сессия барысында кемінде екі рет 10 күнге дейін уақыт беріледі.
Жұмыс кестесі де өзгерді: пленарлық отырыстар тек сәрсенбі емес, бейсенбі күндері де өткізіледі, тыңдаулар жұмаға, ал Үкімет сағаттары дүйсенбіге ауыстырылды. Отырыс кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды күшіне ие деп танылады, Құрылтайдың барлық отырыстары ашық өтеді және тікелей эфирде көрсетіледі.
Басты жаңалықтардың бірі – заң жобалары бұрынғыдай екі емес, үш оқылымнан өтетін болады. Тек халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдарға ғана ерекшелік жасалған – олар бұрынғыша екі оқылымда қабылданады.
Сонымен қатар, депутаттардың өздеріне қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Енді әдеп нормаларын тек мінберде ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да, оның ішінде әлеуметтік желілерде жазба жариялаған кезде де сақтау қажет. Регламентке сәйкес, әріптесін немесе басқа азаматты балағаттау, негізсіз айыптаулар, дөрекі сөздер айту, сондай-ақ отырыстың қалыпты жұмысына кедергі келтіру тәртіпбұзушылық болып саналады. Бұдан былай отырыстарда тіпті жақындарын туған күнімен құттықтауға да жол берілмейді.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева жаза қолдану жүйесі туралы айтып берді: «Әдеп нормаларын бұзғаны үшін ескерту жасау, сондай-ақ отырыс барысында сөз сөйлеу құқығынан айыру қарастырылған. Құрылтай отырысынан шығарып жіберуге дейінгі басқа да жазалау түрлері қолданылады. Бір күндік жалақысын ұстап қалу түріндегі жаза да бар. Дөрекі ереже бұзушылықтар үшін депутаттық мандаттан айыру көзделген. Мұны партия шешеді, ал ОСК қарайды. Бұл үдеріс те реттелген».
Жалақысы шамамен бір миллион теңгеге жететін халық қалаулылары үшін бір күндік ақыны ұстап қалу айтарлықтай шығын болып табылады. Депутат Дәния Еспаева бұл соманың қалай есептелетінін түсіндірді: «Депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады. Ең жоғарғысы — 960 мың теңге сияқты. Ол мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне байланысты. Бұл соманы 24 күнге бөлсеңіз, бір күндік жалақы мөлшері шығады». Мұндай формула бойынша депутаттың орташа күндік жалақысы 29 мыңнан 48 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Әдеп кодексінен бөлек, жаңа регламент депутаттық сауалдармен жұмыс істеу жауапкершілігін де күшейтеді. Мемлекеттік органның басшысы бір ай ішінде жауап беруге міндетті, ал егер депутатты алынған жауап қанағаттандырмаса, ол мәселені Құрылтай мінберіне шығарып, лауазымды тұлғаны ашық талқылауға шақыруға құқылы.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

