CaspianLife, 10 қыркүйек. Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы акваториясында 8 қыркүйектен 9 қыркүйекке қараған түні дронның қатысуымен оқиға тіркелді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Нефть Капитал» хабарлады.
Қауіпсіздік мақсатында №2 және №3 сыртқы айлақ құрылғыларындағы (ВПУ-2 және ВПУ-3) мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алайда танкерлер мен жүк тиеу жүйелерін тексеру барысында ешқандай зақым анықталған жоқ. Мұнай өнімдерінің төгілуі тіркелмеді, акваториядағы экологиялық жағдай тұрақты күйінде қалды.
9 қыркүйек күні таңертең мұнай тиеу операциялары штаттық режимде қайта жанданды. Қазақстандық мұнай жөнелтушілерден мұнай қабылдауға ешқандай шектеу енгізілген жоқ.
Оқиға КҚК теңіз терминалы орналасқан Новороссийск қаласына жасалған ауқымды дрон шабуылымен тұспа-тұс келді. Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайдың шамамен 80 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады. Сондықтан аталған бағыттағы кез келген оқиға ел экономикасына тікелей әсер етеді.
Бұл — консорциум нысандарына жасалған алғашқы шабуыл емес. 2024 жылдан бері КҚК инфрақұрылымы бірнеше рет шабуылға ұшырап келеді, бұл мұндай жағдайлардың жүйелі сипат алғанын көрсетеді.
2024 жылғы қыркүйекте Қара теңіздегі терминал маңында екі танкер – Delta Harmony және Matilda зақымданған. Сондай-ақ расталмаған мәлімет бойынша, Freud және Delta Supreme кемелері де зардап шеккен. Танкерлердің жүк тиеу жабдықтары бүлінгенімен, кемелер суда қалды.
2025 жылғы ақпанда Краснодар өлкесіндегі КҚК жүйесіндегі ең ірі мұнай айдау станциясы – «Кропоткинская» станциясына жеті дрон шабуыл жасады. Соның салдарынан мұнай айдау қарқыны төмендеді.
2025 жылғы 25 қарашада шабуыл Оңтүстік Озереевкадағы терминалдың әкімшілік ғимаратына жасалып, мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. Ал төрт күннен кейін, 29 қарашада, экипажсыз катерлердің шабуылы салдарынан ВПУ-2 сыртқы айлақ құрылғысы қатты зақымданып, оны әрі қарай пайдалану мүмкін болмай қалды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жағдайды «шектен шыққан оқиға» деп атады. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оны «азаматтық нысанға жасалған үшінші шабуыл» деп бағалады.
2026 жылғы сәуірде кезекті шабуыл сыртқы айлақ құрылғысының құбыры мен мұнай тиеу-төгу эстакадасына жасалды. Соның салдарынан мұнай өнімдерінің төрт резервуарында өрт шықты.
2026 жылғы шілдеде шабуыл нысаны танкерлер болды. 17 шілдеде Nordic Zenith, ал 30 шілдеде Nissos Sifnos және Marathi танкерлеріне шабуыл жасалды. Екі жағдайда да мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Қайталанған шабуылдарға байланысты Қазақстан 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспарына түзету енгізуге мәжбүр болды. Жоспар 96 млн тоннаға дейін төмендетілді.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, тек 2025 жылғы қарашадағы шабуылдың салдарынан алынбай қалған мұнай көлемі 480 мың тоннаға жеткен.
Дереккөз: «Нефть Капитал»
(Сурет ашық дереккөздерден алынды)

