Қазір Атырауда төрт модульді полиция бекеті бар. Мұның пайдасы мол. Себебі, былтыр мереке қарсаңында Исатай-Махамбет алаңынан бір тәулікте жоғалған 93 баланың ата-анасы жақын маңдағы сондай полиция бекеттеріне жүгіну арқылы перзентімен қауышыпты.
Биыл бұл бекеттердің санын арттыру жоспарланған. Жыл басынан бері мұнда 500-ден аса азамат түрлі өтініш-сауалмен жүгінген. Көбі кең ауқымды іс-шаралар кезінде алаңдар мен саябақтарда құжаттарын жоғалтып, баласын таба алмай қалатын көрінеді. Сонымен қатар, ұрлық, алаяқтық секілді қылмыстық жағдайларға куә болған кезде қайда шағымдану керектігі туралы қажетті ақпараттар алынған.
Гүлназира МҰХТАРОВА, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
– Болашақта облыс аумағында осындай заманға сай жабдықтармен, компьютермен және ҚР ІІМ-нің арнайы базасымен қамтылған тағы 24 бекет орнату жоспарлануда. Олардың 15 -і Атырау қаласында, қалғандары барлық аудан орталықтарына қондырылады. Құлсары қаласы мен Құрманғазы селосында екі бекеттен, қалған аудандарда бір-бірден орнату көзделіп отыр.
Мұнда полицейлер екі ауысымда қызмет атқарады. Сондай-ақ, стационарлық бекеттің сыртқы жағында дабыл нүктесі орнатылған. Инспекторлар орнында болмай қалған жағдайда, дабыл соғасыз. Сол сәтте «102» телефонына хабарлама келіп түседі.