Атыраудағы қалааралық қоғамдық көліктердің шаһардан шығуына әлі рұқсат жоқ. Өзге қалаларға тек әуе қатынасы арқылы жетуге болады. Ақмола, Алматы, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына жүретін жолаушылар пойызына шектеу қойылғалы біраз уақыт өтті.
Аудандар мен басқа өңірлерге бару үшін жеңіл көлікті ғана пайдалануға болады. Ал адам тасымалына арналған арнайы автобустардың аяғы тұсаулы.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Қалаға, ауданға тек қана жеңіл көліктің көмегімен бара алады. Оның арнайы тәртіптерін сақтау керек. Яғни, бетперде таға отырып, жүргізушіден басқа 2 адамды алып жүруге болады. Ал демалыс күндері қоғамдық транспорттың жұмысы тоқтатылады.
Еске сала кетейік, Атырау облысы бас санитарлық дәрігерінің №62 қаулысына сәйкес, түнгі 23:00-ден таңғы сағат 6-ға дейін көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынған.