KLPE және ТШО «Газ айыру қондырғысын» жобалау кезіндегі өзара іс-қимылдың негізгі талаптары бойынша келісімге қол қойды. Бұл туралы «Ембімұнайгаз» мекемесінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.
18-тамыз күні «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Атырау облысының өндірістік кәсіпорындарына іссапармен барды.
Іссапар барысында Атырау облысындағы қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының жобасы талқыланды. Бұрын жобаның серіктесі «Borealis» компаниясы болған еді. Алайда COVID-19 инфекциясының таралуы мен мұнайдың төмен бағасына байланысты туындаған жаһандық дағдарыстың салдарынан инвестицияларды шектеуге мәжбүр болған «Borealis» жобаның іске асырылуына қатыспау туралы шешім қабылдады.
Соған қарамастан, «Самұрық-Қазына» мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында «KLPE» ЖШС (ҚМГ басқаратын компания) арқылы жобаны іске асыруды жалғастыруда. ҚМГ жетекшілігімен жұмыс едәуір ілгеріледі. Атап айтқанда, ҚМГ ұсынған технологиялық тәсілдің тиімділігі айқындалды.
Болашақ зауытқа шикізатты үздіксіз жеткізіп тұру үшін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған қуаты 9,7 млрд м3 болатын этаннан құрғақ газ айыру қондырғысын жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Газ айыру қондырғысы Теңіз кен орнының аумағында орналасады деп жоспарланып отыр. Бұл полиэтилен өндіретін зауытқа шикізатты жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең оңтайлы шешім болып табылады.
Бүгінгі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірге газ айыру қондырғысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды. «KLPE» ЖШС және ТШО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі талаптары жөніндегі келісім жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге әкеледі.