CaspianLife, 19 тамыз. Атырау облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында әлеуметтік санаттағы 14 мыңнан астам балаға біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Әр балаға 50 851 теңгеден берілді. Қыркүйек айына дейін көмек алатын балалар санын 16 мыңға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің көмегімен оқушыларға мектеп формасы, оқу құралдары және басқа да қажетті заттар табысталды. Былтыр бұл акциямен 5 мыңнан астам бала қамтылған.
– Балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай қалыптастыру – басты міндеттердің бірі, – деді Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.
Балаларды әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа оқу жылында мектептерде ыстық тамақпен қамту жұмыстары да жалғасады. Биыл бастауыш сынып оқушыларына арналған бір реттік ыстық тамақтың құны 720 теңге, ал 5–11 сыныптардағы әлеуметтік санатқа жататын оқушылар үшін 837 теңге көлемінде белгіленді. Былтырғы оқу жылында облыс бойынша 60 783 бала ыстық тамақпен қамтылды.
Айта кетейік, 2026–2027 оқу жылында өңірдегі 237 мектепте 155 мыңнан астам оқушы білім алады.

