CaspianLife, 12 тамыз. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 2,3 миллионнан астам азамат онкологиялық скринингтен өтті. Тексеру нәтижесінде сүт безі қатерлі ісігінің 1 238 жағдайы, колоректалды қатерлі ісіктің 372 жағдайы және жатыр мойны обырының 227 жағдайы анықталды.
Қазақстанда халықтың нысаналы топтары арасында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған үш түрлі скрининг тегін жүргізіледі. Олар – сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды қатерлі ісікке арналған тексерулер. 2026 жылдың алғашқы алты айында барлығы 2 млн 362 мың адам скринингтен өткен.
Дәрігерлер скрининг нәтижесінде күмәнді өзгерістердің анықталуы бірден қатерлі ісік диагнозы қойылды дегенді білдірмейтінін еске салады. Мұндай жағдайда пациент қосымша тексеруге жіберіледі. Аурудың бар-жоғы тек қосымша диагностиканың нәтижесі бойынша анықталады.
Онкологиялық аурулар бастапқы кезеңде көбіне айқын белгілерсіз өтеді. Сондықтан мамандар денсаулық жағдайының нашарлауын күтпей, медициналық тексеруден уақытылы өтуге кеңес береді. Тұрақты скрининг қауіпті өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
2021–2025 жылдар аралығында Қазақстанда онкологиялық аурулардың III–IV сатыда анықталу үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеген.
Соңғы бес жылда елімізде 14 миллионнан астам адам онкологиялық скринингтен өткен. Ал халықты жыл сайынғы скринингпен қамту деңгейі 13,5%-ға артқан.
Мамандардың айтуынша, адам өзін жақсы сезінгеннің өзінде профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмағаны жөн. Уақытылы диагностика ауруды ерте кезеңде анықтап, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

