CaspianLife, 12 тамыз. Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі қаралды. Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесін проактивті форматқа көшіру жоспарланып отыр. Енді жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын өздігінен іздеудің қажеті болмайды — жасанды интеллект негізіндегі цифрлық жүйе олардың біліктілігі мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін вакансияларды автоматты түрде ұсынады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, енді жұмысты адам емес, жұмыс адамды іздейтін жүйе қалыптасады.
«Бұған дейін азаматтар порталдағы бос жұмыс орындарын өздері қарап, мансап орталықтарына баратын. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттілігіне сай келетін кандидаттарды өзі анықтайды. Оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ 1414 нөмірінен SMS түрінде хабарламалар келеді», – деді министр.
Жаңа жүйе жұмысқа орналасуды қажет етуі мүмкін азаматтарды автоматты түрде анықтап, олардың деректерін жұмыс берушілердің өзекті сұраныстарымен салыстырады. Осыдан кейін азаматқа сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады. Қазіргі уақытта сервис тестілеуден өтіп жатыр.
Сонымен қатар Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметтерді интернетке қосылмай-ақ пайдалануға мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, биыл маусым айынан бастап заңнамада eGov және Aitu сияқты әлеуметтік маңызы бар цифрлық ресурстарға тегін қолжетімділік беру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл азаматтарға ұялы телефон балансында қаражат болмаса да, негізгі цифрлық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Қызметтерді рәсімдеуге eGov GPT көмектеседі.
Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық дәстүрлері де цифрлық форматқа көшіріле бастайды. «BTS Digital» өкілі Мақсат Нуриденұлының айтуынша, Aitu мессенджерінде садақа, көрімдік, сүйінші және асар сияқты дәстүрлерге байланысты ақша аударуды жеңілдететін жаңа функциялар іске қосылады.
Енді ақша аудару үшін алушының нөмірін сұрап әуре болудың қажеті жоқ, төлемді бір батырманы басу арқылы жасауға болады. Сондай-ақ отбасылық чаттарда маңызды күндерді күнтізбеге белгілеп, еске салғыштар орнату, ортақ іс-шараларды ұйымдастыру, фотосуреттер мен естеліктерді сақтау мүмкіндігі пайда болады.
Мәліметке сәйкес, бүгінде ұлттық Aitu мессенджерінде 6,8 миллион пайдаланушы тіркелген. Платформаның ай сайынғы белсенді аудиториясы 1 миллион адамды құраса, күнделікті қолданушылар саны 100 мыңға жетеді.
Қазіргі таңда eGov GPT арқылы азаматтарға ең көп сұранысқа ие 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Министрлік бағалауынша, бұл қызметтер азаматтардың барлық өтініштерінің шамамен 30 пайызын қамтиды.

