CaspianLife, 30 шілде. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт, дәстүрлі спорт және заманауи технологияларды біріктіретін халықаралық фиджитал турнирі өтеді.
Халықаралық додаға әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Турнир цифрлық және классикалық спорт түрлерін ұштастыратын жаңа форматтағы жарыс ретінде ұйымдастырылып отыр.
Қатысушылар жалпы 8 бағыт бойынша сынға түседі. Атап айтқанда:
- фиджитал-футбол;
- фиджитал-баскетбол;
- фиджитал-жекпе-жек;
- фиджитал-шутер;
- фиджитал-би;
- Dota 2;
- Mobile Legends: Bang Bang;
- PUBG: Battlegrounds.
Фиджитал спорт – цифрлық ойындар мен дәстүрлі спорт элементтерін біріктіретін жаңа бағыт. Мұндай формат қатысушылардың тек физикалық дайындығын ғана емес, сонымен қатар тактикалық ойлау қабілеті мен цифрлық ортадағы шеберлігін де бағалауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық турнирдің басты мақсаты – инновациялық спорт түрлерін дамыту, жастардың қызығушылығын арттыру және Қазақстанды халықаралық фиджитал спорт орталықтарының бірі ретінде таныту.

