CaspianLife, 27 шілде. «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған ауқымды жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
Тізімге енген тарихи нысандар
Халықаралық мұралар тізіміне өңірдегі бес бірегей жерасты мешіті енгізілді:
-
Шопан ата жерасты мешіті;
-
Қараман ата жерасты мешіті;
-
Шақпақ ата жерасты мешіті;
-
Сұлтан епе жерасты мешіті;
-
Бекет ата жерасты мешіті.
Тарихи-мәдени маңызы
ЮНЕСКО аталған кешендердің сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің ғасырлар бойғы сабақтастығын көрсететін ерекше тарихи-мәдени құндылығын моюндып отыр. Тарихи-мәдени кешендердің құрамына жерасты мешіттері, қорымдар, кесенелер, киелі құдықтар және зиярат жолдары енеді.
Қорғау және сақтау шаралары
Министрліктің мәліметінше, бұл пәндік нысандардың барлығы мемлекет қорғауына алынған. Оларды сақтау және тиімді басқару мақсатында 2027–2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

