CaspianLife, 13 шілде. Атырау облысында 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауын 9 аумақтық және 278 учаскелік сайлау комиссиясы ұйымдастырып, өткізеді, олардың құрамында 2 101 адам бар. Ағымдағы жылы облыс аумағында үздіксіз жұмыс істейтін өндірісті ұйымдарда, вахталық әдіспен еңбек ұйымдастырылған орындарда 2 жаңа сайлау учаскесі құрылды. Яғни, Атырау қаласындағы NCOC компаниясының «Болашақ» зауыты аумағында және Жылыой ауданы Прорва кен орнындағы «Каспий самалы» вахталық кентінде сайлау учаскелері ашылды. Сайлау науқанына дайындық Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
СНХ: Әсия ҚЫСТАУБАЕВА, Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
«Бір маңызды сәтке назар аударғым келеді. Заңнамаға сәйкес, әрбір сайлаушы сайлаушылар тізіміне енуге құқылы. Егер азамат дауыс беру күні басқа өңірде болатынын білсе, онда 23 шілдеге дейін әкімдікке өзінің уақытша жүрген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгіне алады. Егер бұл мерзім өткізіп алынса, онда 7-22 тамыз аралығында сағат 18:00-ге дейін сайлаушы өзінің тіркелген жері бойынша учаскесіне барып, есептен шығару куәлігін ала алады. Осы құжаттың негізінде ол сайлау күні өзінің жүрген жері бойынша дауыс бере алады. Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы да алуға болады. Бұл ретте мұндай сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді».
Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қайта берілмейді. Қазіргі уақытта облыста сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жалғасуда. 9 шілдедегі жағдай бойынша өңірде 426 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. 10 call-орталық жұмысын бастады. Бұдан бөлек, тұрғындар сайлау учаскелері мен дауыс беру тәртібі туралы ақпаратты онлайн режимде ала алатын Telegram-бот іске қосылды.
Сайлау күні 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары сайлау бюллетенінде көрсетілген партиялардың біріне дауыс береді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары әр партияның жинаған дауыс санына пропорционалды түрде сайланады.

