CaspianLife. 2 шілде. Атырауда бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіру зауытын жаңғырту жұмыстары жоспарланған мерзімнен қалып барады. Бұл олқылықты облыстық мәслихат депутаттары құрылыс нысандарын тексеру (мониторинг) барысында анықтады.
Бұл бағдарлама Балық шаруашылығы комитеті мен «NCOC» компаниясы арасындағы балық ресурстарына келтірілген шығынды өтеу туралы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Мердігер ұйымның өкілі Шынболат Рахметовтің айтуынша, алғашқы екі айдағы жұмыстың тұрып қалуы бастапқы кестенің бұзылуына әкеп соққан.
«Барлық каналдар бөлшектелгенімен, құрылыс әлі толық аяқталған жоқ. Атқарылатын ұсақ-түйек жұмыстар қалып қойды. Қазір үшінші каналдың құрылысына енді ғана кірістік. Ауа райының қолайсыздығы, яғни күннің жиі жауын-шашынды болуы жұмысты бөгеп тастады. Жер батпақ болғандықтан, техникамыз өте алмады. Салдарынан жұмыс күші де азайып кетті», — деп түсіндірді Ш. Рахметов.
«Жанаталап» учаскесіндегі жұмыстарды жүргізу конкурсының қорытындысы бойынша мердігер ретінде «КоСМо» ЖШС анықталған. Үшжақты шарт негізіндегі құрылыс жұмыстары өткен жылдың 19 желтоқсанында басталды. Жобаның бірінші кезеңін «Атамекен құрылыс» ЖШС толық аяқтап, екі қысқы тоғанды, Кура садоктарын, су тарту құбыры мен бір сорғы станциясын жаңғыртқан болатын. Қазіргі уақытта екінші кезеңнің жұмыстары жүріп жатыр.
«Бірінші кезең аясында 716-720 миллион теңге көлемінде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Ал қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға 1 миллиард 227 миллион теңге бөлінді. Бұл міндет «КОСМО» ЖШС-не жүктелген. Олар аталған каналдарды, тоғандар мен бассейндерді салуы тиіс», — деді Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Болат Мұхатжиев.
Жобаны жүзеге асыру барысында облыс әкімдігі техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭО) мен жобалау-сметалық құжаттаманы (ПСД) әзірлеуге қолдау көрсетіп, зауыт аумағын кеңейту үшін алаңы 17 гектар болатын қосымша жер телімін бөлді. Аталған зауыттың құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы пайдалануға берілген болатын.
Альбина ІЗМАҒАМБЕТОВА

