Caspianlife, 23 маусым. Атырауда Д. Қонаев атындағы «Binom» мектебінде болған резонансты оқиғаға қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылар орындығында – ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 9-сынып оқушысы. Сот отырысы жабық режимде өтіп жатқандықтан, қорғау тарапы үнсіздікті бұзып, жасөспірімді қылмысқа итермелеген себептер туралы өз ұстанымын жария етті. Туыстарының айтуынша, беделді мектеп қабырғасында жылдар бойы жалғасқан буллингке мектеп әкімшілігі көз жұма қараған.
Қалалық сотта алдын ала тыңдау өтті. Іс бойынша басты айыпталушы – «Binom» мектебінің кәмелетке толмаған оқушысы. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Тергеу органдары оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша, соның ішінде адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша айып тағып отыр.
Сотталушының кәмелетке толмауына байланысты сот процесі жабық түрде өтуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот залына кіргізілмейді. Соған қарамастан, қорғау тарапы өз ұстанымын қоғамға жеткізуді жөн көріп, редакциямен байланысқа шыққан.
Айыпталушының туыстары болған оқиғаның ауырлығын толық түсінетінін және жасөспірімнің әрекетін ақтауға тырыспайтынын айтады. Алайда олардың пікірінше, бұл қылмыстың өзіндік алғышарттары болған және тергеу сол жайттарды назардан тыс қалдырып отыр.
Қорғау тарабының мәліметінше, жасөспірім екі-үш жыл бойы қатарластары тарапынан жүйелі түрде буллингке ұшыраған. Ал мектеп басшылығы сыныптағы жағдайдан хабардар бола тұра, тиісті шара қолданбаған көрінеді. Сонымен қатар, қорғаушылардың айтуынша, буллинг фактілері негізгі қылмыстық іске тіркелмей, бөлек өндіріске шығарылып, әкімшілік сотқа жолданған. Сондықтан қорғау тарабы сот пен мемлекеттік айыптаушы ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым факторын ескеруі тиіс деп есептейді.
Айыпталушы оқушының анасы ұлының басқа мектептен ауысқаннан кейін қалай өзгергенін айтып берді.
– Ол №2 мектепте оқып жүргенде мүлде басқа бала еді. Көңілді, белсенді, өмірге құштар болатын. «Binom»-ға ауысқаннан кейін өзгере бастады. Психологпен сөйлескенімде, мұны өтпелі кезеңмен байланыстырды. Бірақ шын мәнінде олар баланың буллингке ұшырап жүргенін білген. Ұлым менің уайымдағанымды қаламай, көп нәрсені айтпаған.
Мұғалімдерге бұл туралы жеткізілгенімен, қазір бәрі ондай жағдай болмағанын айтып отыр. Осы істің бастауында буллинг тұр. Ақырында сол буллинг қылмысқа әкелді. Оны қорлаған оқушылар да, мұғалімдер де қазір бәрін жоққа шығарып жатыр. Мен ұлымның әрекетін құптамаймын, оны ақтауға болмайды. Бірақ оны осындай жағдайға жеткізді. Тіпті оны пышақсыз өлтірді деуге болады. Себебі ол өзіне қол жұмсамақ болған, – деді ол.
Істің мәні бойынша қарау басталатын негізгі сот отырысы 23 маусымға белгіленген. Бұл процесс өңір үшін маңызды сот істерінің біріне айналуы мүмкін. Сонымен қатар ол Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік пен психологиялық ахуал мәселесін, оның ішінде элиталық білім беру ұйымдарындағы жағдайды тағы да күн тәртібіне шығарды.

