Caspianlife, 19 маусым. Жылыой ауданында табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде 51 аумақта орналасқан 62 заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Рұқсатсыз қоқыс үйінділері Қосшағыл, Жем, Ақкиізтоғай, Қара-Арна және Майкөмген ауылдық округтерінде, сондай-ақ Жаңа Қаратон кенті мен Құлсары қаласында жүргізілген визуалды бақылау барысында тіркелген.
Заңсыз қоқыс үйінділерін уақытылы жоймағаны үшін ауданның жеті әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 227 мың теңгені құрады.
Жылыой аудандық прокуратурасының прокуроры Әділбек Өмірзақтың айтуынша, рейдтік іс-шаралар республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген. Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде анықталған қоқыс орындарын жою бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Бұдан бөлек, елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ауданның төрт тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жыл басынан бері осы бап бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін аудан аумағында 495 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

