CaspianLife, 15 маусым. Жылыой ауданында нөсер жаңбыр мен қатты дауыл салдарынан 1200-ден астам қой мен ешкі қырылды. 2-3 маусым күндері Сарықасқа және Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы толассыз жаңбыр жауып, кейін күшті желге ұласқан.
Оқиға туралы хабар түскен бойда Жылыой аудандық ветеринариялық станциясының мамандары арнайы техникамен бірге оқиға орнына шұғыл шыққан.
Тексеру нәтижесінде Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майкөмген ауылдық округіндегі 11 шаруа қожалығы зардап шеккені анықталды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, қырқылған қойлар мен ешкілер ұзақ уақыт жаңбыр астында қалып, кейін батпаққа батып кеткен. Шенеуніктердің пікірінше, малға арналған паналардың уақытылы дайындалмауы да мал шығынына әсер еткен.
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы зардап шеккен шаруаларға өтемақы төленбейтінін хабарлады. Басқарманың бөлім басшысы Сайран Гуднан қырылған малдың өлекселері толықтай өртеліп, жойылғанын және қазіргі таңда жағдай тұрақталғанын айтты.
Мамандар аса қауіпті жұқпалы аурулардың белгілерін анықтамағандықтан, мал шығыны инфекциялық себептерден болмаған деп танылды. Осыған байланысты өтемақы төлеуге заңды негіз жоқ екені мәлімделді.