Caspianlife, 4 маусым. Ақтау қаласындағы дүкендердің бірінен дәрі-дәрмектерді заңсыз сату дерегі анықталды. Тексеру нәтижесінде Қазақстанда тіркелмеген 200-ден астам түрлі дәрілік препарат тәркіленді. Олардың жалпы құны 2–2,5 миллион теңгені құраған.
Тексеруге жергілікті тұрғынның арызы негіз болған. Осыдан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тексеру жүргізіп, бірқатар өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.
Белгілі болғандай, кәсіпкердің фармацевтикалық қызметпен айналысуға лицензиясы болмаған. Сондай-ақ сатылымда тұрған барлық дәрілік заттар Түркия мен Ресейден Қазақстанда міндетті тіркеуден өтпей әкелінген.
– Департаментке Ақтау қаласының тұрғынынан арыз түсті. Тексеру барысында анықталған дәрі-дәрмектердің Қазақстанда тіркелмегені белгілі болды. Олар Түркия мен Ресейден жеткізілген. Жалпы құны 2–2,5 миллион теңгені құрайтын препараттар тәркіленді, – деді департамент өкілі Нұрсұлу Мұхамбетиярова.
Іс әкімшілік сотта қаралып, құқық бұзушыға шамамен 800 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қауіпсіздігі расталмаған барлық дәрі-дәрмек толықтай жойылды.
Бақылаушы орган азаматтарды сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, дәрі-дәрмектерді тек лицензиясы бар дәріханалардан сатып алу қажет. Сонымен қатар қаптамада қазақ тіліндегі нұсқаулықтың болуы да маңызды талаптардың бірі саналады. Оның болмауы өнімнің заңдылығына күмән тудыруы мүмкін.

