CaspianLife, 2 маусым. Теңіз кен орнындағы техникалық ақауға трансформатордың істен шығуы себеп болған. Оқиға ірі апат ретінде бағаланбайды, ал қалпына келтіру жұмыстары 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет кулуарында Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, орын алған жағдай қалыпты техникалық ақау ретінде қарастырылып отыр.
«Шынын айтқанда, біздің тараптан ешқандай ірі апаттық жағдай тіркелген жоқ. Қолдағы мәліметтер бойынша трансформатордың жұмысында ақау болған. Сондықтан бұл оқиға кезекті техникалық ақау ретінде бағаланады. Қазіргі уақытта кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп, бекітілген кестеге сәйкес қызметін жалғастыруда», – деді Ерболат Садырбаев.
Сондай-ақ ол Теңізшевройл компаниясының ішкі регламенті мен басшылықтың болжамына сәйкес, ақаудың салдарын толық жою және жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 7-10 күн қажет болуы мүмкін екенін айтты.
Қазіргі таңда кен орнындағы өндірістік үдерістер біртіндеп тұрақтанып, мұнай өндіру көлемі жоспарланған көрсеткіштерге қайта жақындап келеді.