CaspianLife, 2 маусым. «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпа күзетшісі Темірлан Анарбеков FlashScore статистикалық ресурсының дауыс беру қорытындысы бойынша Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы үздіктер құрамына (командасына) енді.
Қазақстандық қақпашы әлемдік футбол элитасы — Харри Кейн, Килиан Мбаппе, Ламин Ямаль және Хвича Кварацхелиямен бірге символикалық құрамға кірді.
FlashScore сарапшылары Анарбековтің жоғары бағалануын оның бүкіл турнир бойы арқалаған орасан зор жүктемесімен түсіндірді. «Қайрат» топтық кезеңді соңғы орында аяқтағанымен, қазақстандық қақпашы команданы сан мәрте құтқарып қалды: алты кездесуде ол 34 соққыға тосқауыл қойып, күтілетін 4,39 голдың (xG) қаупін сейілтті. Соққыларды қайтару көрсеткіші 72,3%-ға жетті.
Алты турдың қорытындысы бойынша қақпашының орташа балы 7,7-ні құрады — бұл «Арсенал» қақпашысы Давид Райя (7,4) мен «Реал Мадрид» голкипері Тибо Куртуадан (7,5) жоғары.
Айта кетерлігі, бұған дейін Анарбеков УЕФА-дан «Матчтың үздік ойыншысы» (Player of the Match) марапатына ие болған алғашқы қазақстандық футболшы атанған еді — ол бұл жүлдені «Олимпиакосқа» қарсы ойында жеңіп алды.
«Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған Қазақстанның екінші клубы ретінде тарихқа енді. Соңғы орынға қарамастан, Анарбеков жасаған сейвтер саны бойынша турнирдегі ең нәтижелі қақпашылардың қатарына берік орнықты.

