CaspianLife, 25 мамыр. Атырауда 63 жастағы ер адам интернет-алаяқтарға өзінің банктік шотын пайдалануға бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың күзінде ол әлеуметтік желіде жалған инвестициялық жоба туралы жарнаманы көріп, жеке деректерін қалдырған. Кейін өздерін қаржы ұйымының қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар азаматты ақша операцияларын жүргізу үшін банктік шот ашуға көндірген.
2025 жылғы 18 қарашада оның шотына интернет-алаяқтардың құрбаны болған Ақтөбе қаласының тұрғынынан 300 мың теңге аударылған. Ер адам түскен қаражаттың бір бөлігін сыйақы ретінде өзінде қалдырып, қалған соманы алаяқтар көрсеткен басқа шоттарға жіберген.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол бұған дейін өзі де жалған инвестициялық жобаның құрбаны болып, шамамен 400 мың теңге жоғалтқанын айтқан.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бап материалдық сыйақы немесе мүліктік пайда табу мақсатында үшінші тұлғаларға банктік шотын, төлем құралдарын немесе сәйкестендіру деректерін заңсыз пайдалануға бергені үшін жауапкершілікті көздейді.
Нәтижесінде сот азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндіру туралы шешім шығарды.
Полиция азаматтарды банктік карталарын, шоттарын және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай «жеңіл табыс» ұсынатын схемалар көбіне интернет-алаяқтардың заңсыз әрекеттерін жасыру үшін пайдаланылады. Сондықтан күмәнді ұсыныстарға сенбей, алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.

