Атырау қаласының тұрғыны заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде ақылы тапсыру акциясы аясында полицияға Winchester ұңғылы ойық винтовкасын өз еркімен тапсырды.
Азаматтың айтуынша, қару оған атасынан мұра болып қалған және ұзақ жылдар бойы сақталған. Акция туралы білгеннен кейін оны полицияға өткізу туралы шешім қабылдаған.
Қазіргі таңда қаруға Атырау облысы полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері тарапынан тиісті сараптама жүргізілуде. Егер оның тарихи құндылығы расталса, Атырау облысы полиция департаментінің музей қорына табысталып, тарихи жәдігер ретінде сақталады.
Айта кетейік, Winchester қаруы XIX ғасырдың аяғында америкалық қару конструкторы Джон Браунингтің жобасы бойынша әзірленген. Ол өз кезеңінде сенімділігімен ерекшеленіп, кеңінен қолданылған қарулардың бірі саналған.
Полиция заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.
Егер үйіңізде тіркелмеген немесе заңсыз сақталған қару болса, оны ерікті түрде полиция органдарына тапсыруға шақырамыз.


