CaspianLife. 9 шілде, Қазақстандықтар арасында автонесиеге деген сұраныс азайды. Автокредит беру көлемі шамамен 37%-ға қысқарды. Бұған банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптарының күшеюі себеп болды. 1 шілдеден бастап несие беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді банктер ең алдымен ресми расталған табыс көзінің болуына ерекше назар аударады. Сонымен қатар, зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінің тұрақты аударылуы да ескеріледі. Бұл мәліметтердің барлығы арнайы ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі. Мұндай шаралар қарыз жүктемесі онсыз да жоғары азаматтардың берешегін одан әрі көбейтпеу мақсатында қабылданған. Алайда сарапшылар жаңа талаптардың тек қарыз алушыларға ғана емес, бизнеске де әсер етуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға тұтынушылық несие алу қиындай түсуі ықтимал.
Арман Байғанов, R-Finance қаржылық кеңесшісі
– Олардың көпшілігінде тұрақты зейнетақы аударымдары жоқ. Бұрын жанама табыстарын дәлелдеу арқылы несие рәсімдей алатын. Енді мұндай азаматтар үшін несие алу қиындайды. Бұл – бірнеше миллион адамды қамтитын үлкен санат. Сонымен қатар жаңа талаптар шағын және орта бизнеске де әсер етуі мүмкін, өйткені сатылым көлемі төмендеуі ықтимал.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, автокөлік сатып алуға берілген несиелер көлемі 37%-ға азайған. Бұл автонесиеге сұраныстың төмендеуімен қатар, нарықты қолдауға бағытталған уақытша ынталандыру шараларының аяқталуына байланысты. Осыған орай кәсіпкерлер сатылым көлемін сақтап қалудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр.
Әлиасқар Аманжол, автосалон иесі
– Біз клиенттерге автокөлігін жаңарту қызметін ұсынамыз. Олар ескі көлігін тапсырады, біз жаңа көлік алуға көмектесеміз. Егер көлік несиеде болса, сол несиені жабуға да қолдау көрсетеміз. Қазір, шынын айтқанда, нарықта негізінен Trade-in бағдарламасының арқасында ғана жұмысымызды сақтап отырмыз. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда мақұлданған несиелер саны мен сатылым көлемі екі-үш есеге төмендеді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Алайда алдағы уақытта автокөлікті несиеге сатып алатын азаматтардың саны қысқаруы мүмкін.
Жарқынай Қанатова

