CaspianLife, 8 мамыр. Қазақстан құрамасы Balkan Mathematical Olympiad 2026 халықаралық беделді олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, 6 медаль жеңіп алып, 24 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 6-орынға ие болды.
Зияткерлік жарыс 3–8 мамыр аралығында Салоники қаласында өтіп, математикалық білім деңгейі жоғары елдерден — Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия, Түркия, Солтүстік Македония және басқа мемлекеттерден 148 қатысушыны жинады. Қазақстан құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Команда қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар.
Халықаралық олимпиадада Атырау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Орынбасар Бердібек күміс медаль жеңіп алды. Ал «алтын» медальды Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы Мұрат Тимур иеленді.