Caspianlife, 22 сәуір. Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірлік бизнес өкілдері мен «Красноусольск» шипажайы делегациясының іскерлік кездесуі өтті. Шара туризм, мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту аясында ұйымдастырылды.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның хабарлауынша, Башқұртстаннан келген делегацияны шипажайдың бас директоры Рамиль Бадретдинов бастап келді. Сапар барысында тараптар халықаралық серіктестік перспективаларын және Қазақстаннан Башқұртстанға туристік ағынды арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың басты мақсаты — қазақстандық туроператорлармен, кәсіпорындармен және кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнату. Шипажай өкілдері тікелей келісімшарттар жасасуға және қазақстандық туристер есебінен клиенттік базаны кеңейтуге мүдделі екендіктерін атап өтті.
«Біз Башқұртстан Республикасынан келдік. Клиенттік базамызды кеңейтіп, Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Кәсіпорындармен және ұйымдармен тікелей келісімшарттар жасасу үшін шипажайымызды таныстырып жатырмыз. Бұл біздің Атырауға алғашқы сапарымыз. Қазірдің өзінде бізге Қазақстаннан, әсіресе Атырау облысынан қонақтар көп келеді. Сондықтан осы өңірмен серіктестікті белсенді дамытуды жоспарлап отырмыз», — деді шипажайдың сату және орналастыру бөлімінің басшысы Оксана Маркисова.
Кездесуге қатысушылар басым мәселелер ретінде көлік логистикасын дамытуды, аймақтар арасында тікелей қатынасты жолға қоюды, баға саясатын жетілдіруді, сондай-ақ валюта конвертациясы мәселелерін алға тартты. Тараптардың пікірінше, бұл міндеттерді шешу шипажай-курорттық қызметтерді қолжетімді етіп, осы бағыттың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.
«Башқұртстан Республикасымен серіктестік қатынастарды дамыту өңіріміздің бизнесі мен тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде шипажай-курорттық бағыт сұранысқа ие, біз кәсіпорындарымыз арасында тікелей байланыс орнатудың әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Мұндай бастамалар туристік ағынның өсуіне ғана емес, сонымен қатар экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға да ықпал етеді», — деп түйіндеді Н.Сүйінбаев.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы туризм, мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ өзара туристік алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуға септігін тигізеді деп күтілуде.

