Caspianlife, 21 сәуір. Батыс аймақтың үш өңірінде – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бір тәулік ішінде «Атырау — Орал» тас жолында полиция қызметкерлері үш көлікті тоқтатқан.
«Атап айтқанда, Чапаев ауылының маңында LADA Largus автокөлігі тоқтатылып, оның жүргізушісі тиісті құжаттарсыз 273,5 келі балық (табан, сазан, шортан) тасымалдағаны анықталды. Шағатай ауылының маңында ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Одан 10 келіге жуық бекіре тұқымдас балық және 125 дана өзге балық түрлері (табан, сазан) табылды, оның да тиісті құжаттары болмаған. Сонымен қатар, «УАЗ» автокөлігі де тоқтатылды. Тексеру барысында 28,5 келі балық пен 28 келіден астам өзен шаяны табылып, тәркіленді», — делінген хабарламада.
Барлық анықталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептелуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 1-16 сәуір аралығында инспекторлар құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекіара қызметімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 378 дерегін анықтап, жолын кесті. Нәтижесінде 267 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, браконьерлік және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз айналысу фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 5633 келі балық (оның ішінде 300,35 келісі бекіре тұқымдастар) және 0,974 келі бекіре уылдырығы, 44 дана аулау құралы мен 40 дана жүзу және көлік құралдары тәркіленді. Өзен арналары мен теңіз айдынын күнделікті сүзу (траление) жұмыстарының нәтижесінде су айдындарынан 483 дана заңсыз аулау құралы шығарылды. «Бекіре» акциясы 31 мамырға дейін жалғасады.

