CaspianLife, 14 сәуір. Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерін тұрақтандыру және жаңа жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады. Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жиында аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Есепті кезеңде Атырау облысы бірқатар салаларда оң динамика көрсетті:
- Өңдеу өнеркәсібі: 8,5%-ға өсті;
- Құрылыс саласы: 7,2%-ға ұлғайды;
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы: 1,2%-ға артты.
Кейбір бағыттар бойынша көрсеткіштердің төмендеуі байқалғанымен (сауда индексі – 98,5%, көлік және қоймалау – 94,5%), әкімдік жоспарлы межеге шығу үшін тиісті шараларды қабылдап жатқанын жеткізді. Аймақ басшысы биылғы жылға жоспарланған ірі жобаларға тоқталды. Биыл 756,4 млрд теңге инвестиция тартатын 5 ірі жобаны іске асыру көзделген. Жалпы құны 722 млрд теңгені құрайтын 27 жеке кәсіпкерлік жобасы іске қосылады. Тұрғын үй құрылысы саласында да нақты жоспарлар бар. 2026 жылы облыста 770 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өңірдегі пәтер кезегін азайтуға және әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыруға мүмкіндік береді.
«Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында», — деп атап өтті Серік Шәпкенов.

