Caspianlife, 13 сәуір. Оқу-ағарту министрлігі ІІМ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізу талаптарын нақтылады. Осы мақсатта бірлескен бұйрық қабылданады.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қабылданған шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Аттестат тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізіледі. Оқушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерде өткізуге жол берілмейді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ал ішкі істер органдарына құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау жүктелді.