CaspianLife, 30 наурыз. Әлеуметтік желілерде Атырау облысында әскери техниканың қозғалысы түсірілген фото және видеолар тарады. Желі қолданушылары техниканы Жылыой ауданындағы «Теңізшевройл» (ТШО) зауыттары орналасқан Теңіз мұнай-газ кен орнында байқағанын жазуда.
Ресми БАҚ мәліметінше, Қазақстан Қорғаныс министрлігі бұл жағдайдың жоспарлы жауынгерлік дайындық шараларына байланысты екенін түсіндірді. Әскери ведомствоның дерегіне сәйкес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің, соның ішінде теміржол көлігі арқылы орын ауыстыруы оқу-жаттығу тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, шаралар барысында бөлімшелердің ұтқырлығын арттыру, өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ маңызды нысандар мен аумақтарды қорғауға дайындық мәселелері пысықталуда.
«Министрлікте мұндай оқу-жаттығулар бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты түрде өткізілетінін және алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті», – деп жазады «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі.
CaspianLife редакциясының ескертпесі: Атырау облысындағы әскери тақырыпқа қатысты тағы бір жаңалық – кеше, 29 наурыз күні өңір аумағындағы далада ұшақ типіндегі күйіп кеткен ұшқышсыз ұшу аппараты табылған болатын. Ал бүгін, 30 наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Бауыржан Артықов қызметінен босатылды.

