CaspianLife, 26 наурыз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекеттік шекара арқылы заңсыз көші-қонға, контрабандаға және есірткі таратылуына қарсы бірқатар іс-шаралар жүргізді.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, «… Ақтөбе облысында жүк көлігінің тіркемесінде жасырын түрде өткізу пунктінен өтпек болған 18 шетелдік анықталды».
Солтүстік Қазақстан облысында «синтетикалық есірткі» өндіруге арналған көлемі 5100 литр прекурсорлардың ірі партиясы анықталды. Жалпы, жыл басынан бері 9 620 литр химиялық заттардың («тұз қышқылы», «ацетон», «фениппентан») және 1 000 кг «бромкетон-4» тасымалының жолы кесілді. Нәтижесінде бұл прекурсорлардың соңғы алушылары анықталып, есірткі зертханалары жойылды.
Сондай-ақ Жамбыл облысында шекарашылар шетелге 1 млрд теңге сомасына бағаланған 160 тонна кен мен бағалы металдар концентраттарын (алтын құрамды құм) заңсыз шығарудың жолын кесті. Аталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.

