Caspianlife, 11 наурыз. Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) 11 наурыздан бастап баяу кокстеу қондырғысында (БКҚ) жоспарлы-алдын алу жұмыстары (ЖАЖ) жүргізуді жоспарлап отыр.
ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, шамамен 10 күнге есептелген технологиялық шаралар пештің өнімдік жыланқұбырын бу арқылы күйдіру жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Бұл рәсім Қазақстан Республикасының СТ РК 3517-2020 ұлттық стандарты талаптарына сәйкес құбырлардың ішкі беттерін кокс шөгінділерінен регламенттік тазарту аясында жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұл жұмыс жыл сайын Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекітетін мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы-алдын алу жұмыстарының кестесіне енгізіледі.
«БКҚ-дағы жоспарлы жұмыстар наурыз айында АМӨЗ-дің жеңіл мұнай өнімдерін өндіру жоспарына әсер етпейді. Осы кезеңде зауыт тәулігіне шамамен 3,5 мың тонна бензин, 4,5 мың тонна дизель отынын және 0,6 мың тонна авиаотын өндіруді жалғастырады», — деп мәлімдеді ҚазМұнайГаз.
Сонымен қатар БКҚ-дағы жоспарлы-алдын алу жұмыстары басталар сәтте Қазақстанның мұнай өнімдері нарығы тұрақты тепе-теңдік жағдайында екені атап өтілді. Қазіргі уақытта өңірлерде елеулі қор қалыптасқан: бензин мен дизель отыны — 40 күндік тұтыну көлемінде, ал авиаотын — 70 күндік тұтыну көлемінде.
Анықтама: БКҚ пайдалану барысында жоғары температура әсерінен пештің жыланқұбыры ішінара жүретін термиялық крекинг реакциялары салдарынан кокспен бітеледі. Өнімдік жыланқұбырды бу-ауа қоспасымен тазарту қондырғыны пайдаланудың ажырамас бөлігі болып саналады және технологиялық жабдықтың сенімділігін қамтамасыз ету әрі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүргізілетін жоспарлы операциялық шара болып табылады.

