CaspianLife, 2 наурыз. Қызылшаға қатысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін кеңейтті.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жағдай тұрақтанғанға дейін 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау енгізілді. Бұрын егілмеген 2–5 және 7–18 жас аралығындағы балаларға, сондай-ақ иммундауы расталмаған 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне толықтыру вакцинациясы ұйымдастырылды.
Жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу талаптары мен эпидемияға қарсы режим күшейтілді. Оның ішінде ұйымдасқан ұжымдарда және әскери бөлімдерде екпе алмаған адамдарды уақытша шеттету шаралары қарастырылған.
Қабылданған шаралар оң нәтиже бере бастады. Алдыңғы аптамен (417 жағдай) салыстырғанда тіркелген қызылша деректері 311-ге дейін төмендеді, яғни 106 жағдайға немесе 25,4%-ға азайды.
Алайда сырқаттанушылықтың төмендегеніне қарамастан, эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанған жоқ. Хабарламада ең көп жағдай мына өңірлерде тіркелгені нақтыланған:
— Астана қаласы — 81 жағдай;
— Алматы қаласы — 48 жағдай;
— Алматы облысы — 57 жағдай;
— Батыс Қазақстан облысы — 29 жағдай;
— Атырау облысы — 57 жағдай;
— Қостанай облысы — 57 жағдай.
Ауру жұқтырғандардың негізгі бөлігін 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар құрайды.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 6–11 айлық 36,7 мың бала қосымша иммундаумен қамтылған. Жоспарлы вакцинация аясында 1 жастағы 21,4 мың бала (6,7%) және 6 жастағы 17 мың бала (4,7%) егілді.
Толықтыру иммундауымен 18 жасқа дейінгі 8,1 мың адам қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Министрлік жағдайды бақылауды және тиісті шараларды үйлестіруді жалғастырып отыр. Уақтылы вакцинация және азаматтардың профилактикаға жауапкершілікпен қарауы — халық денсаулығын қорғаудың және қызылшаның одан әрі таралуын болдырмаудың негізгі шарттары болып қала береді.
(ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)

