Нұрсая ықшамауданындағы Мәденов көшесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 1,5 шақырымдық автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, төрт жолаққа дейін, яғни, 14 метрге кеңейтілмек.
Сонымен қатар, жалпы аумағы 7 428 шаршы метр болатын тротуар салынып, 4 ашық аялдама орнатылады. Одан бөлек 248 көше шамын орнату да жоспарда бар. Мердігер мекеме мойнына алған жұмысты 13 айда толық аяқтап шығуы тиіс. Ол үшін 1 млрд 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Аңсаған САҒЫНБАЕВА, Атырау қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Жөндеу жұмыстарының жүргізілу тәртібі бойынша жол әр участокке бөлінген. Қазір Әбілхайырхан даңғылынан С.Нұрғалиев көшесі аралығындағы көше жасалынып жатыр. Аяқталуы жақын. Сосын жұмысшы топ келесі бөлікке ауысады. Жұмыс осылай ретімен жалғаса бермек.
Айта кетейік, облыс әкімдігіндегілер бұл жолды Сарайшық коммуналдық базары ашылғанда жөндейміз деп уәде берген. Құрылыс жұмыстары арада бес жыл өткен соң ғана басталды.