CaspianLife, 13 қаңтар. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бүгін, 13 қаңтарда, Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға тартылған екі кемемен байланысты болған инциденттер туралы ақпаратты растайды.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ҰҰА шабуылына ұшыраған. Кемеде жарылыс тіркелген, алайда кейінгі өрт болмаған. Экипаж мүшелері арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкердің теңізде жүзу қабілеті сақталған, қазіргі уақытта корпустың аса қауіпті зақымдану белгілері анықталмаған.
Либерия туы астындағы «Delta Harmony» танкері де тиеуге кезек күту режимінде тұрған кезде ҰҰА шабуылына ұшыраған. Оқиға салдарынан өрт шыққан, ол жедел түрде сөндірілді. Экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.
«Жедел штабтың мәліметі бойынша, оқиға болған сәтте кемеге мұнай тиеу жұмыстары әлі басталмаған, жүк танкілері бос болған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына ешқандай залал келтірілген жоқ», — деп атап көрсетіледі министрлік мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен жедел режимде үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны хабарланды.

