CaspianLife, 5 желтоқсан. Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов осылай деді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өңір басшысы биыл 247,9 шақырым жол жөнделгенін, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін артқанын айтты. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін автокөлік, авиа және теміржол көліктерін жаңарту жалғасып жатыр. «Ашық аспан» режимі аясында алты жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Алдағы жылдары бұл сан онға дейін жеткізілмек.
«Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 50 млн доллар инвестиция тартылды, жұмыстар 2026 жылға дейін жалғасады», — деді Атырау облысының әкімі.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Атырау қаласындағы теміржол вокзалы және облыс аудандарындағы тоғыз станциядағы вокзалдар да жаңғыртылып жатыр.

