CaspianLife, 20 қараша. Бүгінгі (20 қарашадағы) жағдай бойынша Атырау облысының медициналық ұйымдарында 381 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қазіргі жүктеме – 82%.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) мәліметін Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алия Жаңғалиева растады. Оның айтуынша, ауруханаларда 111 бала мен 53 жүкті әйел ем қабылдап жатыр.
– Суық тию және тұмау белгілерімен медициналық көмекке жүгінушілердің көбеюіне байланысты қосымша 100 резервтік төсек-орын дайындалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасымен амбулаториялық қызметтің жұмысы күшейтілді. Поликлиникалардағы фильтр-кабинеттер 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Мобильді бригадалардың жұмыс уақыты 22:00-ге дейін ұзартылды. Сонымен қатар облыстық инфекциялық ауруханада қосымша дәрігерлік бекет ашылды, – деді Алия Жаңғалиева.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тұрғындарды суық тию немесе тұмау белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдемей, міндетті түрде дәрігерге жүгінуге шақырады. Өңірде вирусқа қарсы препараттардың жеткілікті қоры бар. Эпидемиологиялық жағдай медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында.

