Caspian Life, 12 қараша. Елімізде ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және цифрлық кеңістіктегі тәуекелдерді басқару мақсатында «Киберқауіпсіздік туралы» жаңа заң қабылданбақ. Бұл құжат «Информатизация туралы» заңның орнына қабылданып, заманауи киберқатерлерге қарсы тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа заң жобасы Цифрлық кодекстің аясында әзірленіп, ақпаратты қорғау мен киберқауіпсіздік саласында жаңа тәсілдерді енгізуді көздейді.
Негізгі жаңалықтар мен бастамалар:
🔹 Цифрлық комплаенс институты құрылады — бұл цифрлық ортада өзін-өзі реттеу мен сенімді экожүйе қалыптастыру тетігі.
🔹 Ұлттық цифрлық нысандардың құқықтық режимі бекітіледі. Яғни стратегиялық маңызы бар деректер базасы, байланыс жиіліктері, ақпараттық жүйелер мен инфрақұрылым нысандары шетел азаматтарының меншігіне берілмейді.
🔹 Үш деңгейлі аудит жүйесі енгізіледі, ол цифрлық шешімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған:
– Функционалды аудит – жүйелердің тиімділігін және жасанды интеллект сияқты салалардағы сәйкестігін бағалайды;
– Киберқауіпсіздік аудиті – цифрлық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалу деңгейін тексереді;
– Реттеуші аудит – заңнаманың жетілдірілуін және жаңа құқықтық шеңберге сәйкестігін бағалайды.
Мәжіліс мәліметінше, бұл шаралар сенім мен жауапкершілікке негізделген тұрақты және қауіпсіз цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

