Caspian Life, 11 қараша. Атырауда үш күнге созылатын «Коррозия негіздері және оны қорғау әдістері» атты мамандандырылған семинар ұйымдастырылды. Іс-шараны «CIP» ЖШС оқу орталығы Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өткізуде.
Семинар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтіп, нано-композитті жабындардың заманауи технологиялары мен коррозиядан пассивті қорғау әдістеріне арналды. Бұл – биылғы жылы «CIP» орталығы өткізген екінші семинар, оның мақсаты – сала мамандарының кәсіби құзыреттерін дамыту және тәжірибе алмасу.
Іс-шара «CIP» оқу орталығы мен Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық меморандумы шеңберінде өткізіліп отыр. Құжат мамандардың біліктілігін арттыру және өңір өнеркәсібіне озық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен жұмысты қарастырады.
Семинардың негізгі мақсаты – тәжірибемен алмасу, инновациялық шешімдерді көрсету және мұнай-газ, мұнай-химия және құрылыс салаларындағы нысандардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға қатысты мәселелерді талқылау.
Іс-шараға Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада және Қазақстаннан сарапшылар қатысып, коррозияға қарсы қорғау, жылу оқшаулау және өрттен қорғау саласындағы заманауи әдістерді таныстырады. Тыңдаушылар қатарында мұнай-газ, мұнай-химия, құрылыс және энергетика компанияларының өкілдері, сондай-ақ колледждердің өндірістік оқыту шеберлері бар.
Спикерлердің арасында «CIP» ЖШС директоры Айгүл Нарыңбетова, сондай-ақ «Carboline Europe», «SAPI GmbH», «Belzona Limited», «Corrocoat Caspian», «COSOS Group», «АНТИКОР» және «ВМП» компанияларының өкілдері бар.
«Коррозияға қарсы қорғауға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Біздің мақсатымыз – саланың сарапшылары мен тәжірибелі мамандарын біріктіріп, өндірістік нысандардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға көмектесетін заманауи технологиялар мен тәсілдерді көрсету. Мұндай кездесулер кәсіби қауымдастықтың дамуына және білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді», — деді Айгүл Нарыңбетова.
Семинар барысында қатысушыларға халықаралық мамандардың баяндамалары, заманауи жабдықтардың демонстрациясы, практикалық кейстер және коррозияға және өртке қарсы қорғау саласындағы соңғы шешімдер ұсынылады. Ұйымдастырушылар іс-шараны саладағы жетекші компаниялар өкілдері арасындағы білім алмасу мен кәсіби байланыс орнатуға арналған тиімді алаң деп атап отыр.
📰 Ақпарат Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі негізінде әзірленді.

