Caspianlife, 21 қазан. Атырау облысында 15–27 қазан аралығында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мәдени, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар өтіп жатыр.
Бұл туралы Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлімдеді.
Брифингте хабарланғандай, 24 қазан күні (жұма) Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтеді. Ал мереке күні, 25 қазанда өңірде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ салтанатты шаралар мен мерекелік концерттер өтеді. Сол күні К. Смағұлов атындағы алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған үлкен концерт пен халықтық серуен ұйымдастырылады.
Мереке қарсаңында өңірде тоғыз жаңа әлеуметтік және білім беру нысаны ашылады. Олардың қатарында Атырау қаласында 900 орындық екі «Келешек» мектебі, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы спорттық-сауықтыру кешендері, сондай-ақ Құрманғазы мен Исатай аудандарындағы медициналық пункттер бар.
Бұдан бөлек, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бокс, дзюдо, футбол, үстел теннисі және ұлттық спорт түрлерінен облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуде.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған іс-шаралар да жоспарланған: «Менің Қазақстаным» сурет байқауы, «Менің Республикам» дебат турнирі, «Адал азамат» атты дәрістер сериясы мен ғылыми конференциялар өтеді.
Сонымен қатар тұрғындарға арналған «Мәңгілік жаса, Қазақстан!» экологиялық акциясы, «Жанашыр жүрек» қайырымдылық шарасы, «Republic Day» жәрмеңкесі және «Жеңілдіктер түні» акциясы ұйымдастырылады. Кәсіпкерлердің қолдауымен ірі сауда орталықтарында отандық тауарларға 15%-ға дейін жеңілдіктер беріледі.
– Барлық іс-шара еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға және жастар бойында отансүйгіштік пен бірлік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсатымыз – мерекені мазмұнды, ұйымдасқан және жоғары деңгейде өткізу, – деді Гүлнұр Сүйеуова.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, мереке күні қала тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көлікте тегін қатынай алады.