Caspianlife, 21 қазан. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына байланысты тұрғын үй секторында өрттің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдіктерге Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі бойынша айлық профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және оны бұзудың салдарын болдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдарды тарату мәселесін пысықтайды.
Төтенше жағдайлар министрлігіне жылыту маусымында өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өзара іс-қимылын тиімді үйлестіру тапсырылды.
Әкімдіктерге – жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қатаң бақылауға алу міндеттелді. Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру вице-премьер Қанат Бозымбаевқа жүктелді.