Caspianlife, 21 қазан. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, республика бойынша тұрғын үй секторындағы өрттер саны азайғанымен, Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында олардың көбеюі байқалған.
«Өрттердің негізгі себептері – тұрғындардың пеш, газ және электр жылыту құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауы. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға қатысты тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі бойынша ағартушылық және профилактикалық жұмысты күшейтуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында еріктілер мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ оқу орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары туралы интерактивті сабақтар өткізу тапсырылды.
Сонымен қатар Олжас Бектенов тұрғын үйлерді аралап, рейдтер ұйымдастыруды және үй-үйді тексеруді тапсырды. Үкімет басшысы тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстарды күшейту керектігін, әсіресе демалыс және мереке күндері рейдтер жүргізу маңызды екенін айтты. Бұл іске әкімдіктер мен ІІМ қызметкерлері тартылуы тиіс.
«Рейд барысында өрт шығу қаупі бар және жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін үйлер анықталуы керек. Мұндай жағдайлар белгілі болған жағдайда, бұзушылықтарды дереу жою шараларын қабылдау қажет. ТЖМ тек ресми ескерту берумен шектелмеуі тиіс. Бұл – адамдардың қауіпсіздігі мәселесі, сондықтан барлық жұмыс нақты және үйлесімді атқарылуы керек», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.