Caspianlife, 20 қазан. Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан аяқталуға жақын. Күзгі каникул жеті күнге созылады — 27 қазаннан бастап 2 қарашаға дейін (қоса есептегенде).
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқушылардың күзгі демалысын тиімді және қауіпсіз өткізу, тұлғалық дамуын және бос уақытын пайдалы ұйымдастыру мақсатында «Адал азамат» бірыңғай тәрбиелік бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары әзірленген.
Жоспарға патриотизм, әділдік және жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар енгізілген:
-
«Балалар кітапханасы» жобасы аясында — «Каникулда кітап оқимыз» атты шара;
-
Қауіпсіздік сабақтары: «Буллингтен қорған»;
-
Мектеп театрларының жұмысын ұйымдастыру.
Ең бастысы — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ата-аналармен бірлесе отырып жол-көлік жарақаттарының алдын алу, мектептің ішкі тәртібін сақтау, балалардың көшедегі, үйдегі және интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аудару ұсынылады.
«Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсынымдар ретінде жолданады», — делінген министрлік хабарламасында.