Caspianlife, 8 қазан. Соңғы уақытта түрлі елдерде жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) бұзғаны үшін қолдан жасалған айыппұл туралы хабарламалар таратуға байланысты жаңа интернет-алаяқтық түрі тіркеліп отыр.
Бұл туралы ҚР ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайты Алматы қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаевқа сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, қаскүнемдер электрондық пошта мен мессенджерлер арқылы хаттар жібереді. Хабарламада жүргізушінің жеке деректері, автокөліктің нөмірі және «айыппұл төлеу» сілтемесі көрсетіледі.
«Шын мәнінде, бұл – фишингтік шабуыл: банк картасының деректерін енгізген адам өз шотына алаяқтардың қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Кей жағдайларда сілтемелерде жеке деректерді ұрлауға арналған вирустар болады. Мұндай шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркелген, ал олардың Қазақстанға да таралу қаупі бар», – деп ескертті Әнес Қалдыбаев.
Ол ресми айыппұл туралы хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келетінін және ешқандай төлем сілтемесін қамтымайтынын еске салды. Айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарында және банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Егер күмәнді хабарлама келсе, сілтемеге өтпеңіз және тіркемелерді ашпаңыз. Ақпаратты тек ресми көздерден тексеріңіз. Егер карта деректерін енгізіп қойсаңыз, дереу картаны бұғаттап, банкке және полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.